Белорусский портал в Казахстане

Бельгердің «Таңдамалысы»



Қазақстан Ұлттық кітапханасында қазақтың көп қырлы өмірін өз шығармаларына арқау еткен прозашы, эссеист, публицист Герольд Бельгердің «Таңдамалы» атты кітабының тұсауы кесілді.

Қаламгердің 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген бұл шара барысында кітапханада арнайы кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Тұсаукесер салтанатын белгілі режиссер, сценарист Ермек Тұр­сынов жүргізді. Бұл жиынды кино­гердің жүргізетін жөні бар екен. Себебі қаламгердің еңбекте­рін жи­нақтап, «Руан» баспасынан шығаруға тап­сырыс берген де ре­жис­сердің өзі көрінеді. «Гер-ағаны баяғыдан бері танимын, жақсы араласамын. Менің бұл кісіге деген ілтипа­тым ерекше. Бельгердің шы­ғармашылығын біздің әдебиетіміз­дегі ғана емес, сонымен бірге, мә­де­ниетіміздегі ерекше құбылыс деп есептеймін. Бұл – өзімнің жеке пікірім. Биыл Герольд Карлұлы 80 жасқа толады. Бұл – құрметті жас. Сондықтан оның жаз­ғандарын жинақтап шығару – жазушының өзі үшін емес оқырман үшін қажет деп білемін» деді жиынды ашқан Ермек Тұрсынов. 

Қазақ жерінде жазылып, жи­нақ­­талған бұл кітап сонау Қытай­дың Шеньчжень қаласында 42 баспа табақпен басылып шыққан екен. Туындының бірінші бөлімі әңгімелерден тұрса, екіншісі – эссе­лерден, соңғы бөлімдері эскиз­дер мен этюдтерден тұрады. «Бұл кітаптың уағыздаушысы – Ермек. Кітапқа алғысөз жазып, құрастыр­ған да, демеушілерді тапқан да сол. Ішіндегі әңгімелері ғана менікі» деді қаламгердің өзі. 

«Гер-аға – менің аға замандасым. Ол кісіні ұстаға теңеймін. Сара сөз­дің ұстасы, көсемсөздің шебері. Сөзге ерекше қуат беріп, жан біті­ре­тін адамдар болады. Солар­дың бірі ретінде Герольд Бельгерді айтар едім. Ол айтқан кезде әр нәрсе өзінің түп­кілікті сипатына ие бола­ды. Мен сізді ­ қай­раушымен салыстырар едім. Сіз бізге тек сөзді қайрай отырып, от пен ұшқын беріп қана қоймай, сонымен бірге, оны қажетті қалпына келтіресіз, мән-мағы­на бересіз. Сіздің әрбір сөзіңізден батыл дауысыңыз, қо­ғам­ның шындығы естіліп тұрады. Гер-аға, сізді бүгінгі қуанышыңыз­бен құттық­тай­мын. Мың жасаңыз!» деді жиынға қатыс­қан мәдениет­танушы Мұрат Әуезов. 

Мерейлі 80 жасқа келіп, кітабы­ның тұсаукесерін жасап жатқан әріптесі жайлы жазушы Дулат Иса­беков: «Біз Бельгердің пікіріне неге құлаймыз? Бельгердің пікірін­дей пікір қазақ баспасөзінде, қазақ тілін­де жазылып жатқан жоқ па? Жа­зылып жатыр. Бірақ біз Бель­герді сөзіне құлақ түреміз, өйткені біздің ішкі жан ауруымызды неміс айтып отыр. Ол нақты айтады. Бір ауыз сөзбен кесіп айтады. Қазақ­стан­да қандай да бір мәселе кө­теріл­се, «оған Бельгер не айт­ты екен? Бұған қатысты оның мақа­ласы шығып па?» деп отырамыз. Елімізде болып жатқан әрбір құ­бы­лыс Бельгердің қаламына ілінеді. Ол немістің жырынан гөрі қазақ­тың жырын көп жырлайды. Гер-аға, сіз тағы 75 кітап жазсаңыз да артық болмайды. Оған қазақтың пробле­ма­сы да жетеді. Аузы дуалы ақсақа­лымыз болып жүре беріңіз!» деген тілегін жеткізді. 

Ал Ресейден арнайы келген ақын, аудар­машы Владимир Беря­зев болса, салтанатты жиынға тарту ретінде бір өлеңін оқып беріп, шаң­қобызда күй ойнады. Салтанат­ты шараға, сонымен бірге, Ұлттық кітапхана­ның бас директоры Әлібек Асқар, ақын Ұлықбек Ес­дәу­лет, саясаттанушы Сейдах­мет Құттықадам, ақын Бақытжан Қанапия­нов және тағы да басқа әдебиет пен қоғам қайраткерлері қатысып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ақындар өлең арнап, жазушылар көсемсөз шеберінің қазақ әде­биетіне қосқан ұшан-теңіз үлесін атап өтті.

Сабина Зәкіржанқызы 
Айқын, 11 желтоқсан 2014

Ссылка на текущий документ: http://belarus.kz/aktueller/5-0/14/28604
Текущая дата: 29.12.2024