https://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана
 


 






Найти
 
 


Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі муфтий


ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан халқын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. ҚазАқпарат құттықтау мәтінін жариялайды.
Ұлық мереке құтты болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!


Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы Құрбан айт күндеріне де жеттік.  Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастархан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін!

Бұл күндердің ұлықтығы сол - мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Асылы, «Құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қабыл болсын деу арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңке жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың сүннеті.

2010 - Отанымыз үшін ерекше жыл. Тәуілсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер арасында Қазақстан тұңғыш рет 56 мемлекет құрамына енетін халықаралық аса беделді - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Әлемдік үлкенді-кішілі мемлекеттердің басшылары мен ірі қайраткерлердің, сарабдал сарапшылардың бұған қатысты берген бағасы мен пікірі мейлінше жоғары. Құрбан айттан кейін Астанада осы ұйымға кіретін мемлекет басшылары мен халықаралық беделді ұйымдар өкілдерінің келелі басқосуы -  Саммиті өтпек. Онда әлемдік күрделі мәселелер қаралып, талқыланады. Осының бәрі тәуелсіз Қазақстанның, оның дана басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор абыройы мен беделінің арқасы екенін әлем танып, мойындап отыр. Мұны әрбір отандасымыз зор мақтаныш етіп, үлкен жетістік деп біледі. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз мақтауларымыз бен шүкіршілігіміз болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар!

Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін! Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей!

Жаратушы Иеміз сүйікті Қазақстанымыз бен ел қамында жүрген Елбасымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей! Әмин!

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.


Астана   Казинформ
13 қараша 2010
 
Дата публикации:16.11.2010
Тематика:Культура, Казахстан
Просмотров:8222
 
Ключевые слова:
курбан айт мусульманские праздники
 
 


Комментарии



 



Другие новости по этой теме