Шериздан ЕЛЕУКЕНОВ
Белгілі жазушы Әди Шәріпов туралы сөз
Бұл шағын мақалада мен ағамыз Әди Шәріповтің мақтауын асырайын деп отырғаным жоқ. Ұлыбритания энциклопедиясының XV томына үш қазақ кірсе, солардың біреуі болып енген, есімді менсіз де иісі қазақ қауымы біледі. Бұл лебіздің міндеті өзге. Мен Әдекеңнің адамдық, азаматтық тұлғасын, жеке басының қымбат қасиеттерін сипаттап, бұл жәйтті сәулелендірерлік сөз айтсам ба деп едім. Себеп – тәуелсіз елге тұлға керек. Тұлға қатарының көбею қажеттігіне тағы дәлел іздесек әңгіме ұзаққа созылады.
Қазіргі аткөпір басылымнан талай бас қылтияды, талай шешен тіл безейді: әрқайсысының мәселесі толғақты, жаныңа тиіп, миыңды қажайды. Бірақ мынау апалаң-топалаң заман оған да көңілімізді көншітер емес. Өйткені біз не тапшылықтан да өткен тапшылыққа душармыз – сенімнен, бұған дейін имандай ұйыған дүниетанымнан жұрдаймыз. Отаршылдық пен тоталитаризм бірігіп алып, еліміз бен жерімізге аз ойран салған жоқ. Ол ол ма, миымызға бодандық сана сіңірді. Тартылған Арал теңізіндей көңіліміздің жайлауы шаңдаңды, кеудеміздегі сенімді құртты. Халқымыздың жүрегінде Қазақ елінің тәуелсіз бақытты болашағына жаңа сенім орнауы тиіс. Бірақ ол қалайша қалыптаспақ, оны біздің сана – сенімімізде кім орнатпақ?
Мынау қиямет қиыншылық, жоқшылық тұсында қазақта күнде той, күнде ас десем, асыра айтқандық болмас. Ал сол батыр бабаларымыз қандай еді? Оларды көзге елестете аламыз ба? Көбінесе еститініміз аңыз. Роман, повестердің бірталайы ел аузынан жиналған аңыздардың құрамасы секілді. Сөйте тұрып, біз батырлар бейнесі сорабын іздегенде бүгін көзі тірі қазақ батырларымен салғастыруды ойламаймыз. Мәскеудің құлағын сарсытып жүріп, Бауыржан Момышұлының ерлігін әупіріммен мойындаттық. Ал ол кісі қай батырыңнан кем еді? Меніңше, осы Бауыржан, оның маңайыңдағы майдандастары, өрдің сойы атанғандар жолы – бүгінгі алмағайып шақта жоғарыда қойылған сұрақтарға анық жауап беретін, үлгілі-ө негелі жолдар. Солардың бірі – Әди Шәріпов соқпағы дер едік.
Менің пікірімше, біздің Қабанбай, Бөгенбайларымыз, Райымбек, сырымдарымыз дәл бүгінгі қаһарман қазақ тұлғалары іспетті ойшыл парасат иесі, жолбарыстай жүректі, өнерлі бесаспап жандар болған. творчестволық һәм ерлік сындар олардың тұлғасында бір-бірімен қабысып-жымдасып жатпақ. Өйткені сондай үйлесімді біз бүгінгі батырларымыздың бірі – Әди ағамыздың ер тұлғасынан көреміз. Өмір теңізінде еркін жүзіп, құлаш ұрған бұл қазаққа әманда көңілің толады, сөйлесе қалсаң оның жарқын оптимизмі саған әсер етпей қоймайды, тіпті өзіңе өзіңнің сенімің артады. Сондықтан мен бұл жерде Әдекеңнің қаламынан туған, қайнаған өмірдің нақ ортасынан ойып алынған «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар», «Алыс жалаулар», «Сахара қызы», т.б. көркем шығармаларына, ақындар Жұмағали Саин мен Сырбай Мәуленовтерге арналған зерттеулеріне, «Қазіргі дәуір және қазақ совет әдебиетінің даму проблемалары» монографиясына жапа шегіп, Түрікменге бас сауғалап кетсе, сонда да бой бермесе – мұның бәрі сол кеудеге біткен күш тегеурінің қандай екендігін көрсетсе керек.
Ол сыннан сынға түсіп жүріп шыңдалды. Сталин заманының үскірігінде, әсіресе Ұлы Отан соғысының дауылды сағаттарында, оның алғашқы зілзала сәттерінде өжеттікке жаттықты. Жаудың тылында қалдық деп ұнжырғасы түскен әлде біреулердей емес, қайратына мініп, партизан отрядын ұйымдастырып, өмірге ерлік көзбен қарауға төселді. Сол өмір әсерлерінің тасқыны бара-бара қағазға сұранды.
«Партизан қызы» атты повесінің жазылу тарихын бір сәт еске түсіріп көрейік. Бұл кітап жарық көрген 1961 жылы Әдекең жасының төртінші мүшелінде – қырықтың тоғызында екен. Әдебиетші жұртшылыққа беймәлім кісі, оның үстіне қыруар мемлекеттік қызмет атқарып жүрген қайраткер, ағарту министрі, Халық Комиссарлары Советі председатілінің орынбасары, кенет үмітсіз тек шайтан ғана деген қағида бойынша ма, әйтеуір бұрын баспаған өлкеге сапар шегеді. Сөйтеді де ешқандай заңға сыйымсыз күшпен Әди Шәріпов есімін аспанға қалықтатады. Соғыс хақында қалам тербеп жүргендердің бірін қайталамай, майдан хиқаясынан жаңа күй шертеді. Әдекең прозасындағы ойлар – басқа біреулердің кітаптарынан қымқырып-жымқырған ойлар емес. Өз жүрегінің ащылы-тұщылы тәжірибесінен туғандар. Осы себепті де саясаттың сан құбылатын айқай-ұйқайына еріп кетпеген.
Жасынан басқа жерден бе, елдігімізге, мәрттігімізге анық көзі жеткен шын дос пейілді адамдардың жүруі Әдекеңе ғана емес, бәрімізге бедел. Тәуелсіз жас мемлекетімізге дүниенің төрт бұрышының бәрінен дос іздеу керек. Бұл оның іргелі, бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде халықаралық аренада абыройын арттырады. Әлбетте, Әдекеңнің қазаққа дос тапқыштығын да оның тағы бір ерлігі деп түсінсек ләзім.
Әдекең майданда, бейбіт құрылыста, күнделікті тұрмыста, жазусызуларында өз ұлты характерінің дара бітімді, мінездерінің көп-көп оңды қасиеттерін, ұтымды қырларын жарқырата көрсетумен келеді. Күні бүгінге дейін бұрынғы одақтың түпкір-түпкірінен ағыл-тегіл түсіп жататын хаттар, құттықтаулар ел намысын жыртқан ерді сыйлай білу уақыт озғанына тозбайтын мықты дәстүрге айналғандығын айғақтаса керек. Сол ыстық сәлемін жолдаушы достардың көзінде Әди Шәріпов бауырмал интернационалист қана болып көрінбейтін шығар. Меніңше, орыс, белорус, украиндық достары Әдекеңді қазақтың жұртқа тұлға болар азаматының бірі деп құрметтейді.
Қазақ халық поэзиясының алыбы Жамбыл атамыз: «Батыр тұлға бола алмай, Елдің түгі жығылды» – депті бір өлеңінде. Байқайсыз ба, батыр мен тұлға түсініктерін ұлы ақын әдейі ажыратып айтқан. Тұлға деген сөзді батыр деген халық санасындағы ең қасиетті деген сөздің өзінен жоғары санайды. Әр тұлға – батыр. Бірақ әр батыр елінің тұлғасы бола алмайды. Бұл кеңірек түсінік. Зиялы қауым көптеп–көлемдеп дегендей шешетін ғылыми проблема. Әді-ағаң мынау ұзын өмірінде аз құқай көрген жоқ. Жуықта жазушы «Жұлдыз» журналында (1992 жыл, № 7) «Сойқанды жылдар» атты деректі хиқаясын жариялады. Сол естеліктерінен Әдекеңнің белі бесіктен босамай жатып жетімдіктің, өсе келе хажы баласының деген ызғарлы сенімсіздіктің тауқыметін аз тартпағанын аңғарамыз.
Қияметтің қыл көпірінің үстінде жүргендей жағдайда Әдекең шыққан белестерге шығып көрші, қанеки. Бір дана айтқан екен: «Адамның қолы жетер биігі – ерлік өмір жолы». Дәл Әди ағаң жөнінде айтылған секілді. Әди Шәріпов бұдан сексен жыл бұрын Ағынық атты өзенінің бойында Қайранбай – Әдидің атасы, бұл өлкеге өзінің ағартушылық қызметімен белгілі болған адам. 1896 жылы өз қаражатына мектеп және жиырма балалық интернат салдырған. Қайранбай ақсақалдың бұл игі ісін профессор Асфендияров 1933 жылы «Большевик Казахстана» журналында жарияланған мақаласында айырықша атап өтеді. Қайранбай немересі Әди туғаннан біраздан соң баласы Шәріпті ертіп, хажыға аттанады. Тағдырдың жазуына не шара, әкелі-балалы екеуі де сол сапардан қайытпайды. Жиырма үш жасында көз жұмған Шәріп Меке зиратына қойылады, еліне жетер-жетпес жолда Қайрекең сырқаттанып дүние салады. Әди бұл кезде апыл-тапыл жер басып жүрген екі жасар бала ...
Өмірдің қатал сыны біреулердің сағын сындырады, біреулерді шынықтырады. Жас Әди соңғылар сапында келеді. Қазақ мұндайда тұлпар желіде танылады деп жатады. Әдекеңде білектен гөрі, жүрекке біткен күш басым еді. Қаршадай бала мал бағып, қаражат тауып Семейге түссе, одан қазақ басына отызыншы жылдардың басындағы – нәубет кезінде Алматыға аттанып, сонда жоғары оқу орнына түссе, оқу оқып жүргенде газетте «Қасқырдың бөлтірігі» деген фельетон жарияланып, сол бойынша қудаланып, өмірде көрмеген хажы, әкесі үшін көп қиыншылық көреді. Біз оның кітаптарынан жеңімпаздарға тән өктемдікті байқаймыз. Адамзат бір-біріне жаулық сағынбасын. Жеңісіміздің түпкі нәтижесі осы болуға тиісті. Сондықтан болуға керек, Әдекең кітаптарынан достық, татулық тақырыбы табиғи тарамданып жатады.
«Арбасу» жинағына (1988) енгізілген. «Әке қабірі басында» деген повесін оқып көріңіз. Орыс партизаны Петр Афанасьевтің қабірін балалары көп жылдар бойы іздеп таба алмай жүреді. Бағына қарай, олар Беларуссиядағы партизан достарымен кездесуге поезбен сапар шегіп келе жатқан Әдекеңмен кездесе қалады. Табиғатында жады мықты, бір көргенін ұмытпайтын Әдекең Петр Афанасьев досының қабірін Беларуссия жерінің бір пұшпағынан тауып береді. Сонда Петр досының балалары Әдекеңе: – Әкемізді көрген Сізді, кешеден бері әкеміздің өзін көргендей қуандық! – деп бас иеді.
Осы ыстық сөздерін ағайынды екі жігіт Әдекеңе жолдаған хаттарында да қайталайды. «Арамызда қырық жыл өтсе де, біздің әкеміз қалай соғысқанын және ең абзалы – қай жерден оған топырақ бұйырғанын Сіздің арқаңызда білдік. Сол үшін Сізге мың да бір рақмет, ал повесіңіз үшін айырықша алғыс!..» депті олар 1985 жылғы 6 сәуір күні жазған хатында.
Ұлтаралық жанжал көбейіп, бауыр мен бауыр бірі-бірінің қанын судай төгіп жатқан қазіргі шақта өзге халықтан біреу болса да бірегей достық табылуы үлкен қуаныш. «Оқу министрінің орынбасары Ә.Шәріповтың тікелей нұсқауымен Жұмалиев пен Мұқанов тағы да орта мектептің тоғызыншы класына қазақ әдебиеті оқулығының авторы етіп қалдырылған».
Ол кезде кімнің болса да арқасына аяздай бататын сөздер. Бірақ Әдекең Әдекеңдік жасап, бұған титімдей жасымаған. Қолынан келген шаруасын тындыра берген. Жаңағы құжатты бүгін оқысаң, Әдекеңді теріс істеді деп бағалағаны керісінше оқылады. Партизандығына салып, халықтың рухани қазынасын сақтап қалуға барын салған. Қазір айтуға оңай. Әйтпесе сонау қызыл танау науқан кезінде, қымс етсең, саяси кінә тағып, көзіңе көк шыбын үймелететін заманда асыл мұраға ара түсу екінің бірінің қолынан келмес еді. Әдекеңнің үзеңгілес, құрметтес жолдастары, серіктері, ініқарындастары оның тұлғасындағы адамгершілік сипаттарға айырықша назар аудары. Қай қызметте жүрсін – бір қалыпты. Аңқылдап, бауырына тартып қарсы алады.
Қазақ: «Ердің жасы екі елу» дейді. Мұның мәнісі – ер жүз жасайды, атағы мың жасайды, – деген ой болса керек. Халық айтса қалпы айтпайды деген сөз және бар. Соны ырымдап, ХХ ғасырдың батыры ХХІ ғасырдың табалдырығын алшаң басқан күйі емін- еркін аттап етсін, деп жүректен тілек қосқымыз келеді.
Кoличество переходов на страницу: 5662
Версия для печати | Сообщить администратору | Сообщить об ошибке | Вставить в блог |